Түркістанда Ұлттық құрылтайдың отырысы басталды

Qaz365.kz редакциясы

Құрылтайдың модераторы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин

Түркістанда Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Ұлттық құрылтайға Мемлекет басшысы да қатысып жатыр.

Жиында алғашқы баяндаманы қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев жасады. Ол Қаңтар оқиғасына тоқталып, жоғары билікті басып алғысы келген арам пиғылды жандардың әрекетіне, ел бірлігін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. 

Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы түркі халықтарының түпкі төрі Түркістан қаласында өтіп жатыр. Алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ басшылары және сарапшылар қатысып жатыр. Жиын барысында бірнеше өзекті мәселелер талқыланады деп жоспарланған.

Айта кетейік, кеше Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы аясында жұмыс секцияларының отырысы өткен болатын. Онда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды.

Жұмыс секциясы отырыстарының қорытындысы бойынша, Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленеді.

Құрылтайдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасайды деп күтілуде.