Бақытжан Базарбек Алматы қаласының маңындағы Горный гиганттағы 1,5 га жер бойынша Храпунов пен Сағынтаевтың қаулылары жойылғанын айтады
Депутат Бақытжан Базарбек Алматыдағы алма бақтарының орнына тұрғын үй салынып жатқанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Кезінде Алматыдағы алма бақтардың бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Былай қарасаңыз, 2014 жылы Алматы қаласына Талғар ауданы және Қарасай ауданының біраз жерлері кірген. Бірақ өкінішке қарай заңсыз шешімнің салдарынан біраз алма бақтар қырқылды, екі ортада қазір алма бақ жоқ», - дейді Бақытжан Базарбек мәжіліс кулуарында.
Депутат ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы апортына қазір үлкен назар аударып отырғанын атап өтеді. Алайда пікірінше қазір Алматы апорты жоғалып жатыр.
«Ол алма бақты иеленгендер кімдер? Форбсқа енген олигархтар! Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі, Болат Назарбаев, оның маңындағы шенеуніктер сол жердегі зәулім-зәулім үйлерді соғып тастаған. Қазір қолымызда материалда Храпуновтың, Тасмағамбетовтың, Есімовтың, әсіресе Байбектің, Сағынтаевтың заңсыз қаулылары бар», - дейді ол.
Бақытжан Базарбек Алматы қаласының маңындағы Горный гиганттағы 1,5 га жер бойынша Храпунов пен Сағынтаевтың қаулылары жойылғанын айтады. Бірақ «ондай қаулының жүзін көруге болатынын» атап өтеді.
«Ол қаулылардан Бауыржан Байбектің, Бақытжан Сағынтаевтың, Храпуновтан бастап қолы бар. Бізге қайсар, жүрекжұтқан министр керек!» - дейді ол.
Депутат алма бақтар тұрғын үй салуға беріліп кеткенін атап өтеді. Алайда кейбір алма бақтар әлі де тұр. Базарбекке белсенділер хабарласып, алма бақтарды әлі де қырқып жатқанын айтып шағымданған.
«Назарбаев билеп тұрған кезде инспекторлар тексеріс жасаса, соларды шақыртып алып, қысым көрсеткен. Қазірдің өзінде жер ресурстарын басқару комитетіне берілген күннің өзінде инспекторлар тексеріс ашса, солардың артында қазір де инспекторларға қысым көрсетіп жатыр. Қазірдің өзінде! Оны инспекторлар айта алмайды. Мұңын мен сіздерге жеткізіп отырмын», - дейді Бақытжан Базарбек.