Конституциялық қорғауға жүгінген азаматтардың жартысы сот шешімімен келіспейді

Qaz365.kz редакциясы

Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат Конституциялық сотқа жүгінген

ашық дереккөзден

Бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат Конституциялық сотқа жүгінген. Өтініштердің жартысына жуығы сот шешімімен келіспеуге қатысты. Бұл туралы Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова мәлімдеді, деп хабарлайды  Qaz365.kz 

Оның айтуынша, бес ай ішінде үш мыңнан астам азамат өз құқықтарын конституциялық қорғауға жүгінген.

«Келіп түскен өтініштердің жартысына жуығы сот шешімдерімен келіспеуге қатысты. Бұл ретте Конституциялық Сот сот шешімдеріне баға беруге құқылы емес екеніне назар аудару керек.Азаматтардан келіп түскен өтініштердің бір бөлігі сот актілерінің орындалмауына, тұрғын үй және еңбек қатынастарына, әлеуметтік қорғауға, жазалардың орындалуына, ақпаратқа қол жеткізуге, жеке тұлғалардың банкроттығына және тағы басқаларға қатысты», –  дейді Эльвира Әзімова. 

Ол өтініштердің төрттен бірінде ғана (26%) азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұрайды деп отыр.20 өңір бөлінісінде ең көп өтініштер Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысының тұрғындарынан келіп түскен.

Әзімова атағандай, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын ұсынуға міндетті.