Қағаз жүзінде пайдалануға берілген жылу электр орталығы анықталды

Qaz365.kz редакциясы

Жоғары палата төрағасы жылумен жабдықтаудағы былық-шылықты айтты

egemen.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова жылумен жабдықтау саласындағы біраз былық-шылықты айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Қостанай облысының Арқалық қаласында тапсырыс беруші – ТКШ бөлімі екі жобаны қабылдады. Олар: «Арқалық қаласын 2030 жылға дейін жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау» және «Қуаты 2,5 МВт болатын №2 станцияның турбоагрегатын ауыстыру бойынша Арқалық ЖЭО реконструкциялау». Олардың толық дайын болмағандағы жалпы сомасы 7,4 миллиард теңгені құрайды. Бір қызығы, Арқалық ЖЭО тек қағаз жүзінде пайдалануға берілді», - дейді Наталья Годунова.

Оның айтуынша, палата Президенттің тапсырмасымен 2022-2023 жылғы жылыту маусымында бірқатар өңірде жылу электр орталықтарында болған төтенше жағдайларға байланысты аудит жүргізген.

«47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізілді. 140 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының және 480 миллиард теңге активтердің пайдаланылу тиімділігі тексерілді. Нәтижелері бойынша 23 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығындар және жіберіп алған пайда анықталды», - дейді палата төрағасы.