«Болаттың адамы»: бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасының меншігіне өтіп кеткен

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді

egemen.kz

Алматы облысында бүтін бір ауыл бір ғана отбасының меншігіне айналған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Асысаға ауылында 11 мың гектар жайылымды жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысы салдарынан 11 мың гектардың 9 мың жайылымды жері бір жанұя мүшелерінің жекеменшігіне өтіп кеткен. Яғни, әкесі – 2 300 гектар, үлкен ұлы – 1 370 гектар, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 г гектар, кіші қызы – 1 760 гектар және оның күйеуі 1 670 гектар жерді иеленіп алған. Осылайша, бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасы мүшелерінің жекеменшік және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен, – деді депутат.

Оның айутынша, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы жайылымның 6 500 гектар жерін мемлекет меншігіне қайтарған.

«Бұл мысалды неге айтып отырмын? Жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз «қоғамдық жайылым» деген ұғымды енгізіп отырмыз. «Қоғамдық жайылым» деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізіледі», – дейді Бақытжан Базарбек.

Ол нақты бір елдімекенде 5 жыл тұрған азамат енді қосымша ұпайға ие болатынын атап өтті. Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ ол енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі деп айтты. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз деп отыр.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы  қабылданды.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.