Алматы облысында компания басшысы екі мектепті жөндеу барысында қомақты қаражат жымқырған

Qaz365.kz редакциясы

ҚМА тергеуді аяқтады

inbusiness.kz

Алматы облысында екі мектепті жөндеу барысында аса ірі мөлшерде мүлікті жымқыру мән-жайы бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

2020 жылдың мамыр айында Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімі мен «ПМК-7К» ЖШС арасында жалпы сомасы 855 млн теңгені құраған «Сарыбастау» және «Қарағаш» ауылдарындағы екі мектептің күрделі жөндеуін өткізуге шарт жасалған.

“Құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс компаниясының басшысы жобалау-сметалық құжаттамада көзделген жұмыстардың бөлігін орындамау, орындалған жұмыстардың актілерін жалған жасау арқылы аса ірі мөлшерде ақша қаражатын жымқырған. Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде ЖШС-тің есеп айырысу шотына 57,5 млн теңге сомасында ақша қаражаты заңсыз аударылды” – делінген хабарламада.

Тергеу нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, айыптау үкімі шықты. Сонымен қатар, сотталушымен мемлекетке келтірілген 57,5 млн теңге сомасындағы залал толығымен өтелген.