БАҚ қызметкерлерінің күніне орай екі күндік баспасөз туры өтті

Qaz365.kz редакциясы

Жалпы саны 30 БАҚ өкілі қатысқан пресс-тур «Шарын шатқалы – Көлсай көлі – Қайыңды көлі» бағыты бойынша ұйымдастырылды

Фото: Qaz365.kz

 БАҚ қызметкерлерінің күніне орай «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалы мен Алматы облыстық туризм басқармасы және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен екі күндік пресс-тур өтті. Жалпы саны 30 БАҚ өкілі қатысқан пресс-тур «Шарын шатқалы – Көлсай көлі – Қайыңды көлі» бағыты бойынша ұйымдастырылды. Алатау бөктеріндегі Жетісу жауһарларын аралаған журналистер табиғатты тамашалап қана қоймай, аталған орындардың тыныс-тіршілігімен, жаңалықтарымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі. 

Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен өткен бұл пресс-турдың мақсаты – ақпарат саласының өкілдеріне жақсы демалыс сыйлап, құрмет көрсету, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Мереке қарсаңында табиғатты тамашалап, тынығып қана қоймай туристік аймақтардың жұмысымен, қызмет сапасымен танысқан журналистер тазалық, өрт қауіпсіздігі, жол салу, электр желісін тарту, мобильді байланыспен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерге қатысты сауалдарына жауап алды. Бұл орайда «Көлсай көлдері» МҰТП-ның директоры Елнұр Мұхаметжанұлы мен директордың орынбасары Әділхан Әшкейұлы бастаған парк қызметкерлері, «Шарын» МҰТП-ның экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов тілшілер қауымының сұрақтарына жауап берді, – деді ұйымдастырушы, «Respublica» партисы Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек.

 

Пресс-тур қатысушылары алдымен аты аңызға айналған Шарын шатқалына аялдады. Алматы облысында экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатымен ұйымдастырылған парктің аумағы 127 050 гектарды құрайды. Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарына созылып жатқан шатқалдың бойымен Шарын өзені ағып өтіп, Ілеге құяды.

Бұрын аймақта мүлде байланыс болмады. 2021 жылы бұл мәселе шешімін тапты. Қазір емін-еркін қоңырау шалып, ғаламтор қызметтерін пайдалануға болады. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін экотуризмді дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Шарын шатқалында инвестор «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі арнайы отыратын орындар, бақылау алаңдарын, қоқысты бөлек жинауға арналған экоконтейнерлер орнатып, туристерге қажетті әр-алуан қызмет көрсететін визит орталық салды. 2023 жылдың 22 наурызында салтанатты түрде ашылған визит орталықта тамақтанатын орындар, дүкендер, арнайы ақпараттық бөлім бар, – деді «Шарын» МҰТП Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Максим Акрамов.

Парк қызметкерлерінің айтуынша, осы орталық ашылғалы туристердің саны арту үстінде. 2023 жылғы 6 айлық есеп бойынша мұнда 47049 турист келген. Ал «Шарын» МҰТП-да жалпы саны 46 қызметкер жұмыс істейді. Техникалық-материалдық база қамтамасыз етілген. 22 қызметкерге арналған көлік бар, оған өрт сөндіру көлігі, трактор және инспекторлар көлігі кіреді.                   

Тағы бір атап айтарлық жайт, 2019 жылдан бастап Шарын шатқалын көлікпен аралауға қатаң тыйым салынған. Шатқалға түсетін антропогендік әсерлерді азайту және табиғатты сақтау мақсатында жүзеге асырылған бұл бастама оң нәтиже беріп отыр. Есесіне келушілерді тасымалдайтын ортақ маршрут іске қосылған. Қазіргі таңда мұндай 3 маршрут парк меншігінде тұрақты қызмет көрсетеді. Ортақ тариф бір бағытқа 500 теңгені құрайды. Қолжетімді.

 Шешімін таппай, тұралап тұрған мәселелер де жоқ емес. «Алматы-Шонжы» тасжолынан «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары» туристік маршрутына келетін 22 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу қажет. «Шарын шатқалы – Қамалдар аңғары» туристік маршрутында ауыз су жетіспеушілігі бар көрінеді.

Екінші орын «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі – Қазақстанның ең жас қорғалған табиғи территориясы. Жалпы ауданы – 161045 гектар. Территорияның 72 пайызы қорықтық, ал 13 пайызы туризм және қалпына келтіру (рекреация) аймағына жатады. Көлсай көлдері Райымбек және Талғар аудандарында орналасқан. 2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО қазақстандық «Көлсай көлдері» МҰТП-ін өзінің дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосқаны да есімізде. Парктің қазіргі мақсаты – биік таулы алқаптар мен Көлсай көлінің табиғи байлықтарын сақтап қалу және қорғау. Мекемеде бекітілген құрылым бойынша 126 қызметкер жұмыс істейді. Көлсай көлдерінде тазалық мәселесі де жіті назарда. Бір автокөлік пен екі трактор арнайы тіркемемен қоса қоқыс тасымалдау қызметін атқарады.

Қызметкерлердің сөзінше, 2018 жылы «Алматы – Көлсай» республикалық маңызы бар тасжол күрделі жөндеуден өткен соң келушілер мен демалушылардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4-5 есеге өскен. Былтыр «Саты ауылы – Қайыңды көлі» бағытындағы тасжолдың жобалық сметалық құжаттамасы әзірленген. Алайда, Қайыңдының суы жылдан-жылға азайып бара жатқандықтан, көл аузына тоспа (платина) салу ісі зерттеліп, құрылысты бастау осы жылға жоспарланды. Құрылыс жұмыстары алдағы айда бастау алады деп күтілуде. Сәйкесінше, құрылыс кезінде ауыр техника көп жүретіндіктен «Саты – Қайыңды» тасжол құрылысы шегерілген. «Тоспа құрылысы аяқталған соң тасжол келеді. Тасжолмен бірге жарық пен байланыс келеді», – дейді «Көлсай көлдері» МҰТП баспасөз хатшысы Алмас Тұяқбайұлы.

Қазіргі таңда ұлттық паркпен келісім шартқа отырған 13 туристік фирма жұмыс істейді. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалушыларға арналған 7 туристік бағыт қызмет көрсетеді.

Пресс-тур аясында Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңдыға барып, тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік туды. 2019 жылы да осы жерлерге келіп, қыдырған едім. Қазіргі жағдай сол жылдармен салыстыруға да келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Ол кезде Көлсайда байланыс мүлде жоқ болды. Ал қазір кез келген абонентте байланыс та, ғаламтор да жақсы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, қарапайым қоқыс жәшігінен бастап дәретханаларға дейін тиянақты ұйымдастырылған. Және бұрын бір ғана соқпақ жол еді. Бұл, әрине, туристерге ыңғайсыздық тудыратын. Қазір жаяу жүргіншілер мен атпен жүруге арналған жол бөлек. Қуантқан тағы бір жайт – көлдегі қайықтар санының көбейгені. Бұрын бір-екі қайыққа қарап, кезек күтіп отырсақ, қазір таңдаған қайығыңызға мініп, көлдің сұлулығын тамашалай аласыз, – деп әсерін бөлісті «Авторадио Қазақстан» радиосының жүргізушісі Набира Камалханқызы.

Бұл пікірге қосылған «Адырна» ұлттық порталының негізін қалаушы Арман Әубәкір Қайыңды көлін ерекше атап өтті.

Әуелде осы пресс-турға шақырған кезде Қайыңды көліне баратын болғандықтан келісім бердім. Сұлулығын сан рет естісем де, бір көруге жол түспей жүрген еді. Табиғаты – ғажап, мұны тек көзбен көру керек. Ешқандай фото, видеотүсірілім Қайыңдының сұлулығын жеткізе алмайды. Бұрын барсам да, Шарын шатқалының арғы түкпірінде ағып жатқан өзен, Көлсайдағы атпен, қайықпен серуен бұл жолы мүлде бөлек әсер қалдырды. Қайықтардың саны көбейген, туристік аймақ жан-жақты дамыған,  – деді ол.  

 Пресс-тур барысында ішкі туризмнің айтарлықтай дамығанын және бір ізге түскендігін байқадық. Тамаша табиғаттың әсері бір бөлек әрине, бірақ тамаша қызмет те аса маңызды. Ал БАҚ өкілдері демалып қана қоймай, табиғат пен туризм мәселесін зерделеп қайтты.  Пресс-тур соңында журналистер «Respublica» партиясының алғыс хатымен марапатталды. БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

 Баян Мұратбекқызы