Теміртауда 82 жастағы зейнеткердің 6 миллион теңгесін шешіп алған

Qaz365.kz редакциясы

Күдікті зейнеткердің танысы болып шықты

ашық дереккөзден

Теміртауда танысы зейнеткердің банк картасынан 6 миллионнан астам ақша шешіп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицияға 82 жастағы зейнеткер белгісіз біреу ақпараттық технологияның көмегімен банк қосымшасы арқылы есеп шотынан 6 млн 175 мың теңге шешіп алғандығы туралы хабарлаған.

Бұл туралы зейнеткер банктен есеп шотында ақша қалмағаны туралы хабарлама келгенде білген. Криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы азаматты ұстады.

“Белгілі болғандай, күдікті зейнеткердің танысы болып шықты. Ол жәбірленушіге үнемі көмектесіп, дүкенге барып азық-түлік алған уақытта зейнеткердің банк картасы арқылы төлемақы жасаған. Жәбірленушінің есеп шотындағы ақшаны шешіп алу үшін басқа шотқа бірнеше рет ақша аударып, кейін оны шешіп алғандығын мойындады”, – делінген хабарламада.

ҚР ҚК 188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.