Жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды

Qaz365.kz редакциясы

Шараның жабылу рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты

Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметі

2 шілдеде жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі аяқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметіне сіілтеме жасап.

4 күнге ұласқан жиын жас мамандардың біліктілігін арттырып, заманауи талаптарға сай мамандар пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. 

Жазғы мектепте қатысушылар медиа және коммуникация мамандарының дәрісін тыңдап, олармен пікір алмасты. Сонымен қатар студенттер теориялық білімдерін жетілдіріп, түрлі симуляциялық тапсырмалармен ұштастырып тәжірибе жинады.   

Шараның жабылу рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Ол жазғы мектептің болашақта қатысушылар үшін үлкен трамплин болуына тілектестік білдіріп, қазіргі уақытта заманауи технологияларды меңгерудің маңызына тоқталды.

«Ақпараттық технологиялар әсерінен әлем күрт өзгеріп жатыр. Кейінгі 20 жыл ішінде коммуникациялық ландшафт, қоғамдық процестер мен экономикалық қатынастар терең трансформацияға түсті. Осындай контекстіде журналист болуға, медиа маман болуға деген талаптар да өзгеріп келеді. Жаңа қабілеттер мен дағдылар, жаңа білім мен технологиялық шешімдер барлық сала мамандарының, өз өмірін осы салаға толықтай арнайтын кез келген жас өреннің арсеналында болуға тиіс», - деді министр.

Еске салайық, жазғы мектеп барысында қатысушыларға М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің Adjunct Assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы, режиссер, киносценарист Мұрат Есжан, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің оқытушысы Жолдас Өрісбай, кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов және «Media 24» компаниясының бас директоры Марғұлан Ақан дәріс оқып, уоркшоп өткізді. 
Секциялар «Жасанды интеллектінің журналистикаға әсері», «Журналистика тарихы: Әлемдік журналистиканың дамуы мен ерекшеліктері», «Журналистикадағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу», «Деректі фильм: идеядан эфирге дейін», «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті  бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері», «Журналистік этика және стандарттар» сынды тақырыптарды қамтыды. 

Жазғы мектепке жолдама алған 50 жас маман өздерін практикалық тұрғыда шыңдап, контент дайындап, кәсіби журналистермен тәжірибе алмасты.  

Жиын соңында қатысушыларға сертификат табысталды. Сондай-ақ өздерін жақсы қырынан көрсете білген үздік 10 қатысушы 24 шілде мен 24 тамыз аралығында өтетін медиа және коммуникация саласының студенттері мен магистранттарына арналған тағылымдамадан өтуге жолдама алды.

Айта кетейік, шара ұйымдастырушылары: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы.