Эксклюзив. Екібастұздағы апат: Кім кінәлі?

Дина Әділ

Оқиға орнындағы апаттың барлық мәліметтерін анықтадық

Qaz365.kz

Экономикасы алға озған индустриалды шаһар Екібастұздың халқы сүйектен өтер суықта пәтерінде жылуға зар болып, қалшылдап отырады деп кім ойлаған. Өйткені қарашаның 26-сынан 27-сіне қараған түні олигарх Клебановқа тиесілі Екібастұз ЖЭО-да апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалды. Қақаған қыстың қыспағында тоңып отырған қала халқымен тілдесіп, жағдайды өз-көзімен көру үшін Qaz365.kz тілшісі Дина Әділ Павлодар облысындағы «Кеншілер» қаласына барып қайтты.

Жолға шығар алдында ekibastuz_info инстаграм парақшасына әлі де жылусыз отырғандарға сұрау салып, хабарлама бердік. Пост жариялағаннан кейін телефон қоңыраулары толастамады (қазіргі сәтке дейін).

Шаһарға жеткенде алдымен қала белсендісі Қалиасқармен көлікте тілдесіп көрдік. Ол Екібастұзда мұндай апаттың болуына жергілікті билікті кінәлап отыр. Қызметінен кеткен облыстың экс-әкімі Әбілқайыр Сқақовқа шүйлікті.

«Бұл мәселені көктемнен бері айтып келеміз. Жылу электр станциясы шыдамайтынын айтудай-ақ айттық. Әкімдікке мәселені көтеріп талай бардық. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мұндай жағдай болмайды деп уәде берген. Енді не болғанын қараңыздар. 93 % жылу берілді деген өтірік. Халықтың көбі жылусыз отыр. Осылай жалғасып жатқанына бес тәулік болды. Ақшасы барлар Павлодарға қоныс аударып жатыр. Ақшасы жоқ көпбалалы аналар сонда қалай күн көреді?» – дейді жергілікті тұрғын.

Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін молынан жинаған фольклоршы ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы есімі берілген көше тұрғындарымен кездестік. Мысалы, осы көшенің бойындағы 55-ші үйде жылу берілмеген. Тұрғындардың айтуынша, тіпті үйдің ішінде дәретханаға барып, жуынатын мүмкіндік болмай тұр. Себебі, бірнеше көше  жылудан бөлек жарық суға да зар болып  қалған. Үйлерінде жаурап отырған екібас­тұздық тұрғындар бұл күндері тағы бір қиындыққа тап болды. Шаһардағы кей­бір көппәтерлі үйлердің кәріз жүйелері суықтан қатып қалып, қалдық сулар ванна мен унитазда көтеріліп, әбігерге салды.

Зардап шеккендердің арасында зейнеткерлер мен мүгедектер де бар.

Солардың бірі 68 жастағы зейнеткер Ольга Агибалова редакциямызға өзі хабарласқаны бар.

«Краннан су тоқтағалы 6 күн өтті. Үйде лифт жоқ. Амал жоқ, канистрамен сегізінші қабатқа су тасимын деп аяқтан аяқ қалмады», – дейді Ольга.

Тұрғындардың бәрінің пікірі бір-біріне ұқсас. Үш жылдан бері көріп жатқаны осы деп отқандары бар.

67 жастағы Сергей Соколов Екібастұздағы жылу электр станцасында бұрын директордың орынбасары болып қызмет еткен.

Ол төтенше жағдайға станca қызметкерлерінің мүлде қатысы жоғын айтты. Оның орнына білімсіз басшылар мен ескірген жүйені айыптады. Сондай-ақ қала тұрғындарына батареялардағы суды ағызбауға кеңес берді. Себебі, апаттың себебі, сол болуы мүмкін деп болжады.

«Оқиға түнгі 2-де болды, Батарея суып кеткен соң, жұрт  құбырлардың суын ағызған. Оларға «Қойыңдар» дейтін ешкім айтпады. Сондықтан ЖЭО жыл сайын үлкен көлемде жылу жоғалтып, шығынға ұшырап отыр. ЖЭО-ға бар болғаны 8 мың тонна су айдау керек болса, бізде 13 мың тоннадан айдап жатыр. Бұл мәселені ескеріп отырған ешкім жоқ», – дейді Сергей Соколов.

Аталған азаматтың пікірін алған соң,  істен шыққан трубаларды жөндеп жатқан жұмыс тобының жағдайын біліп, жертөлелерге түстік.

Волонтерлер оларға жылынатын палаткалар мен жылы тамақ ұйымдастырғанын көрдік.

Тұрғындардың жергілікті әкімдікке де, жалпы атқамінерлерге өкпелері қара қазандай. Өйткені әбден тозған жылу желілерінің бірнеше жерден жарылуы қысты күні жұртты титықтатып жіберді. Құбырлар қатып қалған соң инфрақұрылымның барлығы қолданысқа жарамайды.

«Жылу жоқтан түсқағаздар (обои) түсіп жатыр. Батерейлер жарылғанда еденнің бәрі бүлінді. Жалғыз балалардың жатын бөлмесі сау тұр. Төтенше жағдайлар, сенім телефоны барлығына хабарласып жатырмын. Жарылғандарды ауыстыруға бес рет кезекке қойды. Күтіп отырмын. Әкімшілікке барып келдім. Шағым түсірдім. Әріқарай не болатынын білмейміз», – дейді тұрғындардың бірі.

Ал тағы бір бір тұрғын Қазақстан халқынан көмек сұрады. Әкімге де өтінішін айтып қалды.

«Мен жеке кәсіпкермін. Тіс емханамыз бар. Біз де шығынға баттық. Бірінші қабат толық жарылды. Қасымдағының төрт тұрбасы, менің екі тұрбам жарылды. Күні бойы соны жылытып жүрмін. Бізге ешкім келіп неге көмектеспейді. Қазақстан халқынан қолдау күтеміз. Павлодардың азаматтарына разымыз. Циркуляция істеп берді. Неге басқа облыстар үн-түнсіз? Әкім қайда? Неге үндемейсіз? Облыстың уақытша жаңа әкімі Олег Крук қайда жүр?» – дейді Лариса Александрова есімді кәсіпкер.

Шынымен, жылудан жырақ қалған тұрғындар қазіргі таңда өлместің күйін кешіп жатыр. Ол ешкімге де жасырын емес. Батареялардан аққан су төменгі қабаттарға дейін өтіп, көршілерге одан сайын қолайсыздық тудырып жатыр. Лас судың барығы кәрізден қайта шығып жатыр. Себебі жылу жоқ, қатып қалған.

«Дәретханға кірерде қолымызға қара пакет ұстап баратын болдық. Өйткені көршілерге ағама деп қорқамыз. Бұлай болмайды ғой. Ең болмаса биотуалет қойып берсін», – дейді тұрғындардың бірі.

«Дәретханаға бармаңдар дейді, қалай бармаймыз? Себебі бірінші қабаттағы унитаздан барлығы қайта көтеріледі», – дейді тағы бірі.

1 желтоқсан күні өткен брифингте облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Круктан «Қазір күндіз-түні қара жұмыспен айналысып жатқан жұмысшыларға қандай көмек бересіздер?» деген сұраған едік. Ол әр мекеменің басшысы жұмысшыларына өздері көмек көрсетуі керек деп айтты.

 «Біз тек оларға ұсыныс қана айта аламыз. Барлығы орнына түскен соң, тым құрығанда үй жағдайында жұмысшыларға ілтипат көрсетілу керек», – деді Олег Крук.

Сондай-ақ жылусыз отырған үйлерге алдағы 1-2 күнде мәселені шешеміз деп уәде берген еді. Алайда, тұрындар батареялары әлі де тастай екенін айтып жатыр.

Екібастұзда 150 мыңдай халық тұрады. Орталық жылуға қала бойынша 689 көппәтерлі үй мен 4 395 жер үй қосылған. Қала әкімі Аян Бейсекин 422 шақырым жылу торабы жылу-электр орталығына, 80 ша­қырымы жеке тұтынушыларға тиесілі деп отыр.

Сіздердің назарларыңызға Екібастұздағы арнайы видеорепортажымызды ұсынамыз.