Балалар ауруханаға жатқызылды
Қарағанды облысында жеңіл көлік екі баланы және бірнеше сиырды қағып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2 шілде күні Бұқар жырау ауданында Ботақара-Доскей тас жолында ауданға қарасты ауылдардың бірінің маңында Nissan автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі жолдан өтіп жатқан малға соқтығысқан. Осыдан кейін жүргізуші азаматша көліктің басқаруына ие бола алмай қалып, 8 және 16 жастағы кәмелеттік жасқа толмаған балалар мінген мотоциклді қаққан.
«Олар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Полиция деректі тіркеді. Тиісті сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген Қарағанды облысының полиция департаментінің хабарламасында.
Көлік жүргізушісі Аманат партиясының Бұқар жырау аудандық филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты екені анықталды. Депутат бұл кезде еңбек демалысында болған.