Мәжілісте вейп пен букмекерлік кеңселердің мүддесін қорғайтындар бар ма - Аймағамбетов жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Мәжілісте лобби жүріп жатыр деген де қауесет тараған

ЭК

Мәжілісте онлайн жарнама, вейптердің сатылуын және букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеуге қатысты депутаттар бірнеше рет мәселе көтерген. Бірақ қаржысы көп мұндай компаниялардың мүддесін қорғайтындардың да бар екені айтылады. Тіпті, Мәжілісте лобби жүріп жатыр деген де қауесет тараған. Осыған қатысты Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов пікір білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Ондай лобби туралы естіген жоқпын. Депутаттардың көзқарасы түсінікті. Халықтың мүддесін қорғап, тиісті түзетулерді енгізіп жатыр. Соның ішінде букмекерлік кеңселер туралы мен басқаратын комитет депутаттары өз түзетулерін ұсынған еді. Сол сияқты вейптерге қатысты да тиісті түзетулер берілген», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол осы ретте онлайн жарнама, букмекерлік кеңселер, вейптер туралы көзқарасын да айтып қалды.

«Менің пікірім түсінікті. Балаларымызды әр түрлі қауіптерден қорғауымыз керек. Шешім қабылдағанда тиімділігін ескеріп, кешенді қарауымыз қажет. Бір жақты көзқарас дұрыс емес.  Тиісті талау жүргізіп барып ғана шешім шығару керек.  Әрине, вейп мәселесі өзекті болып тұрғаны рас. Әсіресе, балалардың денсаулығына қауіп туғызып жатыр. Бұл мәселені реттеу, балалардың вейп тартпауына назар аударымыз керек», - дейді депутат.

Оның айтуынша, бұл ретте бірінші кезекте нақты рәсімдері, тетіктері болу қажет. Екіншіден, шын мәнінде балаларды қорғайтындай болуы маңызды. 

«Сосын букмекерлік кеңселер, онлайн жарнамалар мәселесін де қолға алуымыз қажет. Жалпы, қоғамызды осындай жарнамалардан қорғау бойынша жұмыс жүргізілуі керек. Ондай ұйымдарды, әр түрлі әлеуметтік нысандарды, мектептерге жақын болмауын да ескерген жөн. Бізге ең бастысы халықтың мүддесі, балаларымыздың денсаулығы», - дейді Асхат Аймағамбетов. 

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау оқушылар мен жастарға электронды темекілерді, вейптердің сатылмауын талап етіп, сауал жолдаған еді. 
ДДСҰ-ның Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің электронды темекіні тұтынуы 4 жыл ішінде 3 есе өскен. Ұлдардың 15%-ы және қыздардың 6%-ы электронды темекіні бір рет болсын қолданған.
2021 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі вейптердің айналымына тыйым салу мәселесін көтеріп келеді. Бірақ әлі шешілген жоқ. Бүгінде әлемнің 32 елінде вейптерді сатуға тыйым салған.
Депутат Үкімет басшысынан төмендегі мәселелерге назау аударуды сұрады:
•    1) Елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруға;
•    2) Электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салуға және осыған байланысты жауапкершілікті күшейтуге;
•    3) Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығына «Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні жылытуға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін және олар үшін сұйықтықтарды орналастыруға және ашық көрсетуге тыйым салудың сақталуын тексеру туралы»  тармаққа толықтыру енгізуге ұсыныс беремін.