МАЭК-тегі апатқа кінәлілер жауапқа тартылады - Смайылов

Qaz365.kz редакциясы

Ол жағдайды реттеуге бағытталған бірнеше тапсырма берді

Lada.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апатқа кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Премьер-Министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Кінәлілер жауапқа тартылады.

Қазіргі таңда ең бастысы – барлық кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіріп, тұтынушыларды электр энергиясымен толығымен қамтамасыз ету», – деді Әлихан Смайылов.

Ол жағдайды реттеуге бағытталған бірнеше тапсырма берді.

«Бірінші. Маңғыстау облысының әкімдігі энергетикалық комбинаттың қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

Екінші. Энергетика министрлігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп, Батыс энергетикалық торабының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуі керек.

Үшінші. Энергетика министрлігі Ішкі істер министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге алып-сату және жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын туғызу фактілеріне тосқауыл қоюы қажет», – деді Премьер-Министр.