Министр оның қалай жазаланатынын айтты
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскери бөлімнен қашып кеткен Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қалай жазаланатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Нұрасыл Болат әскери бөлімнің бақылауында болған. Алайда өз еркімен кетіп қалған. Әскер жасөспірім қылмыскерлерді ұстайтын орын емес. Бұл – тәрбиеден кеткен олқылық. Түсінесіз бе? Бұл туралы мен айтқанмын. Біз оны түзете алмаймыз. Біздің функциямыз басқа», – деді Руслан Жақсылықов Үкімет отырысынан соң.
Айта кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Қатардағы жауынгер Қонаев гарнизонының әскери бөлімінде қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта кетіп қалған.
Кейіннен қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің табылғанын хабарлады. Ол қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты заңгерлер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соққан. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.