Белгілі спорт ардагері, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты пікір білдірді
Белгілі спорт ардагері, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Соңғы кезде менің ұлыма қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты өздеріңізге үндеуімді жариялап отырмын. Осы айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Сол кезде мен өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін.
Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы орайда, ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз», - дейді Дәулет Тұрлыханов.
Ол бұл мәселені осы жерден доғарған дұрыс деп санайды. Өйткені ұлына үлкен психологиялық ауыртпалық түсіп жатыр деп отыр.
«Балам әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып «самоволкаға» шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы Күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік істегені түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?! Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін», - дейді депутат.
Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты заңгерлер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соққан. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кеше Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Қатардағы жауынгер Қонаев гарнизонының әскери бөлімінде қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта кетіп қалған.
Кейіннен Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің табылғанын хабарлады. Ол қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.