Күріш бағасы қаншаға қымбаттайды

Qaz365.kz редакциясы

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, баға инфляцияның әсерінен өсуі мүмкін

Ашық дереккөздерден

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде күріш бағасының қымбаттауына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, республика аумағындағы күріш алқабының көлемі қысқармаған. Сол себепті күріш өнімінің көлемі қысқарады деуге негіз жоқ.

«Өздеріңіз білесіздер, күрішпен өзімізді-өзіміз толықтай қамтамасыз етеміз. Онымен қоса, шетелге өнімімізді экспорттаймыз. Сондықтан тұтынушыларымыз үшін күріш көлемі жеткіліксіз болып, баға қымбаттайды деген болжам жоқ. Бәрі бұрынғыдай. Егін уақытылы егілді, өнім күтеміз», - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін.

Сонымен қатар, ол биыл күріштің бағасы қандай болатындығына қатысты нақты жауап бере алмады.

«Бізге оны нақты ешкім айта алмайды. Бәрін есептейміз, дәл сондай көлемде егін жинасақ, екі-үш есеге бағаның қымбаттауына фактор жоқ деп ойлаймын. Жыл сайын сол көлемде түсім жинаймыз. Тұтыну көлемі де одан асып кеткен жоқ. Экспортқа да көп көлем кетпейді. Сондықтан баға елдегі инфляцияны ескергенде, сәл ғана қымбаттауы мүмкін», - деді Ербол Қарашөкеев.