Құжат ассамблея сайтында жарияланған
Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) парламенттік ассамблеясы Ресейдің "Вагнер" жеке әскери компаниясын террор ұйым деп танитын резолюция қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.
Құжат ассамблея сайтында жарияланған.
"Ресей үкіметінің мүддесіне әрекет ететін "Вагнер" тобы мәні мен мазмұны тұрғысынан террор ұйым ретінде сипатталады, сондықтан "Вагнер" тобын ұлттық биліктердің террор ұйым ретінде тануына негіз бар", – дейді құжатта.
Резолюцияда "Вагнер" тобы Ресей мүддесіне әрекет еткенін өткен аптада Владимир Путин де растап, толығымен мемлекет қаржыландырғанын мойындағаны да айтылған. "Бұл - Вагнер тобының шетелдегі әрекеттеріне Ресей жауап береді дегенді білдіреді" деп көрсетілген.
Ассамблея "Вагнерді" қолдағаны және Балтық елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, өз жерінде жалдамалыларға база салуға рұқсат еткені үшін Беларусьті айыптаған.