Президент: Астана – бірлік пен берекенің бесігі

Qaz365.kz редакциясы

Бүгінде елорда жан-жақты әрі қарқынды дамып келеді

akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Астананың бауырлас қалалары форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Астана жаңару мен жаңғыруға жол ашты. Бүгінде Астана жан-жақты әрі қарқынды дамуда. Елордамыздың халықаралық беделі артуда. Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанды. Бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті. Қазір Астана – дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасы. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – соның айқын көрінісі. Елорда төрінде түрлі конфессия өкілдері бас қосты», - деді Мемлекет басшысы.

 

Тоқаев елордада өткен ауқымды шіс-шаралар мен танымал дін өкілдерінің келгенін еске алды.

«Астанаға Рим папасы арнайы келгенін білесіздер. Кезінде аса мәртебелі ІІ Иоанн Павел қонақ болды. Былтыр аса қадірлі Франциск келді. Олар Қазақстанның әлемдік руханиятты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Біздің игі бастамаларымызға қолдау білдірді. Бұл – біз үшін зор мәртебе. Астана – діннің басын қосқан, дінбасылардың дәстүрін тоғыстырған шаһар. Бұдан бөлек, елорда төрінде талай мәрте дүбірлі додалар мен халықаралық сайыстар өтті. Бір сөзбен айтқанда, Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар. Қазір Астанада Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық көшелері бар. Бұл – елдік пен мемлекеттілік тарихының нақты көрінісі. Астана – еліміздің жүрегі. Бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Келешекте де лайым солай болмақ», - деді Президент.