Қазақстандық мектептерде оқу жылын 20 тамыздан бастауға рұқсат беріледі

Дина Әділ

Ашық үкімет порталында жарияланған бұл құжатты талқылау 21 желтоқсанға дейін жалғасады

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті «Білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталуы туралы» құжат жобасын жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ашық үкімет порталында жарияланған құжатта бұған дейін аталып өткендей оқу жылының 1 қыркүйекте басталып 31 мамырда аяқталатыны көрсетілген. Сонымен қатар әр тоқсан мен оқушылардың демалыс мерзімі төмендегі тәртіппен бекітіліпті:

  • 1 тоқсан — 8 оқу аптасы, күзгі демалыс — 7 күн (31 қазаннан бастап 6 қарашаны қоса алғанда);
  • 2 тоқсан — 8 апта, қысқы демалыс — 9 күн (31 желтоқсаннан бастап 8 қаңтарды қоса алғанда);
  • 3 тоқсан — 10 апта, көктемгі демалыс — 9 күн (18-26 наурызды қоса алғанда);
  • 4 тоқсан — 10 апта;
  • 1 сыныптарда қосымша демалыс — 7 күн (6-12 ақпан аралығын қоса алғанда).
  • Құжат жарияланған екі күн ішінде көпшіліктің ең көп талқылағаны — білім беру ұйымдарының сұранысы бойынша бекітілетін баламалы оқу мерзімі. Мұнда «пилоттық», «халықаралық мектептер» және «басқа да оқу ұйымдарының» сұрауы бойынша оқу жылының 20 тамызда басталып, 31 мамырға дейін жалғасатыны айтылған. Ата-аналардың басым бөлігі «басқа да оқу ұйымдарының» қарапайым мектептер екеніне сенімді. Осыған сәйкес әрбір тоқсан мен балалардың демалыс мерзімі төмендегі кестемен бекітілмек:
  • 1 тоқсан — 9 оқу аптасы, күзгі демалыс — 10 күн (23 қазаннан бастап 1 қарашаны қоса алғанда);
  • 2 тоқсан — 9 апта, қысқы демалыс — 15 күн (31 желтоқсаннан бастап 14 қаңтарды қоса алғанда);
  • 3 тоқсан — 9 апта, көктемгі демалыс — 9 күн (20-29 наурызды қоса алғанда);
  • 4 тоқсан — 9 апта;
  • 1 сыныпта қосымша демалыс — 7 күн.

Оқу жылының басталуы мен аяқталуының балама мерзімін таңдау туралы шешімді пилоттық, халықаралық мектептердің және басқа да білім беру ұйымдарының педагогикалық және қамқоршылық кеңесі айқындайды, — делінген құжатта.

Ашық үкімет порталында жарияланған бұл құжатты талқылау 21 желтоқсанға дейін жалғасады. Министрліктің бұйрығына қатысты пікір білдірушілердің басым бөлігі балалардың дұрыс демалуы үшін оқу жылын ұзартудың екі түрі де тиімсіз деп есептейді.