Олар бәйгенің 4 түрінен сынға түсті
Астана қаласының 25 жылдығына орай «Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен республикалық турнир басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясының басшысы Ерлан Каналимов, Ұлттық спорт қауымдастығының вице президенті, атқарушы директоры Тастанбек Есентаев, Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты.
«Елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан республикалық бәйге турниріне қош келдіңіздер! 25 жылда Есіл өзенінің жағасында орналасқан Астана қаласы адам танымастай көркейіп, халық саны 250 мыңнан шамамен 1,5 млн-ға дейін артты. Оған халық куә, әлем куә. Бүгін осы мерекеге орай, бәйге жарысына еліміздің 20 өңірінен 107 шабандоз қатысып жатыр. Олар бәйгенің 4 түрінен сынға түседі. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Шын мықты жеңсін!» – деді өз құттықтау сөзінде Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлері федерациясының басшысы Ерлан Каналимов.
Жарыстың алғашқы бөлігінде екі топ бойынша төмендегі жүйріктер топ жарды:
Құнан бәйге бойынша (7 шақырымдық қашықтық):
1-орын. Абзал Тұрғанбек (Алматы облысы);
2-орын. Амангелді Хамза (Астана қаласы);
3-орын. Ділнұр Нұрмұқаш (Алматы облысы).
Топ бәйге бойынша (15 шақырымдық қашықтық):
1-орын. Абзал Тұрмыс (Алматы облысы);
2-орын. Абдықал Асланбек (Астана қаласы);
3-орын. Абзал Тұрғанбек (Алматы облысы).
Жорға жарысы. 7 шақырым:
1-орын. Сұңқар Қасымханов (ШҚО);
2-орын. Алия Асқарова (Астана);
3-орын. Эдуард Штихлинг (Абай облысы).
Аламан бәйге. 22 шақырым. 29 қатысушы.
1-орын. Ділнұр Нұрмұқаш (Алматы облысы);
2-орын. Боранбай Абдрахман (Атырау облысы);
3-орын. Асылжан Төлегенов (Жетісу облысы).
Жарыстың жалпы қоры 30 млн теңгені құрады. Аламан бәйгеде топ жарған шабандоз 5,5 млн теңге, 2-орын алған 3,5 млн теңге, 3-орын алған шабандоз 2,5 млн теңге сыйақымен марапатталды.