Құрамына енген Еуразия құрлығындағы 10 ел мүше атанды
Алматыда Дүниежүзілік аударыспақ федерациясы құрылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Аударыспақ спорты Қазақстаннан бөлек Орталық Азия мен Кавказ елдерінде, тіпті Еуропада да таралған. Мажарстан осы спорт түрінен тұрақты түрде сайыстар өткізіп келеді. Қазақстанда аударыспақпен айналыстаын 2 мыңнан астам спортшы бар деген дерек айтылады. Бұл спортқа көбінде ауыл жастары әуес.
Алматыда негізі қаланып отырған Дүниежүзілік аударыспақ федерациясы құрамына Еуразия құрлығындағы 10 ел мүше атанды. Енді федерация басшылығы бұл спорт Азия ойындарының бағдарламасына және UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасына енгізуді жоспарлап отыр.
«Біріншіден, біз бірыңғай саясатты қалыптастырып, сайыстың бірыңғай ережесін бекітіп алуымыз керек. Өйткені әр ел түрлі ереже қолданып жүр. Соның бәрін бір арнаға түсіріп, федерация аясында бекітіп алсақ дейміз. Ортақ ереже туралы әдістеме оқулықтары мен ереже кітабын шығармақшымыз», - дейді Қазақстан аударыспақ федерациясының басшысы Марат Жұман.