Сапасыз интернетке салынатын айыппұл өсуі мүмкін

Дина Әділ

Ауылдық жерлерде 100 адамның тек 8-і интернетке қосылған

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында цифрландыру саласындағы проблемалар туралы айтты, деп хабарлайды qaz365.kz

«Дата орталықтар (деректер өңдеу орталығы) мен серверлер халықаралық стандартқа сәйкес емес немесе мүлде жоқ. Білім және ғылым, денсаулық, әлеуметтік, экономика салаларында кешенді қашықтан оқытудың LMS, ERP платформалары толыққанды жұмыс істемейді», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

 

Сенатор қалалық және ауылдық елді мекендердегі сапалы интернетке қатысты алшақтық туралы да айтты. Елімізде 100 адамның 15-і тұрақты интернетке тіркелсе, ауылдық жерлерде 100 адамның тек 8-і ғана желімен қамтамасыз етілген. Сенатор цифрландыру саласының жай-күйін одан әрі жақсарту үшін бірқатар ұсыныс айтты.

 

«Реттеуші тарапынан интернет сапасы бойынша талаптарды қатаңдату және айыппұл сомасын ұлғайту жөнінде қолданыстағы заңнамаларға ұсыныстар берулеріңізді сұраймыз. Ірі цифрлық хабтар салу, жоғары дәрежелі IT-кадрларды даярлау бойынша қажетті шаралар атқаруды ұсынамыз», - деді сенатор.