БҚО-да жол апатынан 2 адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді

Qaz365.kz редакциясы

Арасында балалар да бар

БҚО полиция департаменті

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 2 адам қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 7 шілде күні Бәйтерек ауданы аумағында болды.

«Сағат шамамен 16.00-ге таман Орал-Атырау жолының 59-шақырымында «Toyota Camry» және «Volkswagen Polo» автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан. Жол апаты салдарынан «Toyota Camry» автокөлігінің 1987 жылғы жүргізушісі мен екінші көлікте отырған 1967 жылғы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы 5 адам ауруханаға жеткізілсе, соның екеуі – балалар. Жантүршігерлік жол апатының мән-жайы анықталып жатыр. БҚО департаменті жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады», – деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, сағат 15.58-де Орал-Атырау жолы бойында Янайкин ауылына жетпей, екі автокөліктің түйіскені жөнінде жедел жәрдем пультіне хабар түскен.

Оқиға орнына Янайкин, Көшім және Үлкен Шаған ауылдарынан үш «жедел жәрдем» бригадасы барды.

1967 және 1987 жылғы ер адамдар мен 1995 жылғы әйел түрлі жарақатпен облыстық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылды.

2009 жылғы қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология, жеті айлық сәби жансақтау бөлімшесінде жатыр.