Компания қызметкерлері мен жалға алушылары өз орындарында жұмыстарын жалғастыра береді
«Компания номер один» ЖШС өкілі «Алтын орда» базарына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
«Алтын орда» базары құрамына кіретін «Компания номер один» ЖШС өкілі Ізбасар Өтеулиннің айтуынша, базар басшылығының ауысуына қызмет барысында туындаған заңсыздықтар себеп болған.
«Бүгінгі күнге дейін базарды Данияр Альпиев құрылтайшысы болып табылатын «Altyn orda new company» компаниясы жалға алған болатын. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдың маусым айында «Алтын орда» базарының жұмысы туралы мәселе ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралған болатын. Мемлекеттік орталық органдар, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, т.б. ведомстволардың қатысуымен өткен кеңесте Премьер-Министр базарда орын алған бассыздықтарды жою туралы тапсырма берді. Бас прокуратураның және мемлекеттік органдардың тексерістерінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған 300-ден дерек анықталды», – деді өз мәлімдемесінде «Компания номер один» ЖШС өкілі Ізбасар Өтеулин.
Сондай-ақ спикер базардың қызметі бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарының да нәтижелерін жария етті.
«Алматы облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, анықталған кемшіліктер толық жойылмаған. Кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмағанына шағым жасауда. Олар мұның соңы тауар бағасын қымбаттатуға алып келетінін айтып отыр. Қазіргі таңда базардың қызметі кешенді түрде тексерілуде. Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің тексерісінің нәтижесінде «Алтын орда» базарында сауда орындарының бағасына қатысты заң бұзушылықтар белгілі болды. Бәсекелестікті дамыту және қорғау департаменті базардағы үстемдік етуші топтың мәселесін зерттеуді қолға алды. Ағымдағы жылы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі 8 ереже бұзған жағдайды тіркеді. Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 217 жағдай анықталды. Сонымен қатар базардағы тіркеусіз келімсектер мәселесі де ойландырады. Осы жағдайларды ескере отырып, «Компания номер один» ЖШС Данияр Альпиев басқаратын «Altyn orda new company» компаниясымен жалға беру шартын бұзуды жөн көрді. Ал Данияр Альпиев «Алтын орда» базарының меншік иелерінің бірі болып қала береді, - деп түсіндірді Ізбасар Өтеулин.
Сөзін қорытындылай келе, ол компанияның басшылығын есептемегенде, қызметкерлері мен жалға алушылары өз орындарында жұмыстарын жалғастыра беретінін айтты.