Желіде соққыға жығылған тағы бір қыздың видеосы жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Мәселенің мән-жайы анықталып жатыр

НеМолчи.kz қоры белгісіз бір қыздың соққыға жығылғанын сипаттайтын кезекті видеоны жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аталған видеоны қор басшысы Дина Смайылова Telegram-дағы арнасында жариялады.

Бұған дейін ол Алматыда бір қыздың соққыға жығылып, тістері түсіп қалғанын айтқан болатын. Өзін зорлайды деп қорыққан қыз үшінші қабаттан секіріп кеткен. 

Смайылова полицияның жәбірленуші шағымданудан бас тартты деген желеумен бұл істі мұрағатқа жібергенін айтады. 

Смайылова жарияланған видеодан жәбірленуші қыз өзін ұрып-соққандарды танып отырғанын баса атап өтті.

"Біздің қорғауымыздағы қыз осы видеодан өзіне қастық жасағандарды танып отыр. Оны тура осылай қатыгездікпен соққыға жыққан. Ол өзін дәл осы қыздар ұрып-соғып, еркектерге сатамыз деп қорқытқанын айтады", - деп жазады Дина Смайылова.

Алматы қаласының полиция департаментінің айтуынша, мәселенің мән-жайы анықталып жатыр.