Бұл – елдегі халықаралық деңгейдегі жалғыз кітап фестивалі
Елорданың туған күніне орай дәстүрлі KITAP FEST жәрмеңкесі өтті. Бұл шара – елдегі 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықаралық деңгейдегі жалғыз кітап фестивалі, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біз бұл фестивальді Қазақстанның барлық аймағында өткізгіміз келеді, өйткені сұраныс бар. Қазірдің өзінде көп жұмыс жасалды. Жаңа Қазақстанға білімді жастар қажет деп санаймын. Сондықтан қоғамда кітап оқуды насихаттау өте маңызды. Елорданың туған күнінде біздің фестиваль тағы да кітапсүйер қауыммен қауышты. Kitap Fest кітап әуесқойлары үшін ғана емес, сонымен қатар үлкен отбасылық мерекеге айналды. Жыл сайын біз балалар мен ересектерге қызықты әрі ауқымды бағдарлама ұсынамыз. Фестивальде әр адам өзіне пайдалы және қызықты дүние табады. Біз отандық әдебиеттің дамуына өз үлесімізді қосуға, жас жазушылар мен олардың шығарылатын кітаптарын қолдауға ұмтыламыз», – деді Kitap FEST фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.
Kitap Fest 9 жыл ішінде шығармашылық-жазушылық кездесулердің беделді және қуатты алаңына, сондай-ақ отбасылық мерекеге айналды. Бұл жылдары белгілі қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 300-ден астам кітап таныстырылды. Kitap Fest мәдени-ағартушылық іс-шараға айналды, ол миллиондаған көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болды.
Биыл Астана күніне орай елордалықтар үшін 10 сағаттық кітап көрмесі, қазақстандық жазушылармен және пікір көшбасшыларымен кездесу және шеберлік сағаттары, конкурстар мен акциялар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы мен кітап жәрмеңкесі өтті. Ең кішкентай келушілерді түрлі ойындар, квесттер, шеберлік сыныптары, аниматорлар қуантты. Сондай-ақ, қуыршақ театры «Алдар көсе» спектаклін ұсынды.
Фестиваль қонақтары өздері әкелген кітаптарды алмастыруға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы кітап фестивалінде түрлі жанрдағы 2000-ға жуық тегін кітаптар таратылды. Одан бөлек, фестивальде «Ауылға кітап» акциясы өтті, онда әрбір адам кітапты Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыруға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, фестиваль аясында Әйгерім Мұсағажинова, Үнзила Мыңбай, Динара Болат, Зәуре Төрехан, Перизат Мырзахмет және басқа да көптеген жазушылар мен блогерлер өздерінің жаңа кітаптарын таныстырды. Кітап авторлары қазіргі әдебиеттегі өзгеріп жатқан тенденция туралы айтты. «Кітаптар туралы оффлайн» шатырында танымал жазушылар, блогерлер, психологтар өз тәжірибелерімен бөлісті. Жас жазушылар мен баспагерлер үшін кітаптарды насихаттаудың құпиялары, авторлық құқықты қорғау туралы дәрістер мен семинарлар өткізілді.
Мысалы, белгілі қазақстандық жазушы Зәуре Төрехан өзінің «Күйекөбелектер шаһары» атты жаңа кітабын таныстырды. Ол кітапты Қазақстанда және шетелде басып шығару жолдары туралы айтты.
Жазушының пікірінше, Kitap Fest шығармашылық кездесулер үшін беделді және қуатты алаңға айналды.
«Ұйымдастырушыларға осындай керемет іс-шара үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Бүгінгі кітап фестиваліне біздің мақсатты аудиториямыздың көп бөлігі келді десем болады. Көңіл-күй өте керемет, оқырмандар қауымыммен жолығып пікір алмасуға керемет мүмкіндік туды», – дейді жазушы.
Жазушы Диана Батищева 8 жасында кітап жазу жолын айтып, баланың жеке басының дамуындағы әдебиеттің рөлі туралы тәжірибесімен бөлісті.
«Елімізде жазушыларға ортақ алаң құратын осындай тамаша іс шаралар көп болса екен. Сүйікті астанамыздың туған күнінде қала тұрғындары үшін кітап фестивалі пайдалы әрі қызықты мерекеге айналды. Қазақстандықтарды, әсіресе жастарды кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл фестивальдің болашағы зор деп ойлаймын», – деп атап өтті жазушы.