Атырау облысында көші-қон заңын бұзған 100 шетелдік елден шығарылды

Qaz365.kz редакциясы

Жыл басынан бері облысқа келген шетелдіктер тарапынан 15 қылмыс жасалған

Ашық дереккөздерден

Атырау облысында жыл басыннан бері көші-қон заңдылығын бұзған 100 шетелдік елден шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзған шетелдіктерге 17 млн теңгенің айыппұлы салынған.

«Жыл басынан бері 33 мыңнан астам шетелдік уақытша тұруға рұқсат алды. Көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін 4976 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еліміздің аумағынан 100 шетелдік шығарылды. Қазақстан Республикасының көші-қон заңдылығын бұзған азаматтарға 17 млн теңгеден астам айыппұл салынып, толықтай өндірілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 392, 395 және 394-баббымен (ҚР шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) 9 дерек тіркелді. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жыл басынан бері облысқа келген шетелдіктер тарапынан 15 қылмыс жасалған. Ал, шетелдіктерге қарсы жасалған 35 қылмыс тіркелген.

«Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер есебінде 5 136 адам бар. Бұларға қоса, 215 шетелдік есепке қойылды. Қазақстан азаматтығы жеңілдетілген тәртіппен 224 адамға берілді», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.