ҰҚК қызметкерлері Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады

Qaz365.kz редакциясы

Олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната және есірткі тәркіленді

ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

ҰҚК қылмыстық топ мүшелерінің ұсталғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылғы 24 маусымда ҰҚК жедел қызметкерлері арнаулы мақсаттағы бөлімшені жұмылдырумен Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті.

Арнайы операция барысында ҰҚТ 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы "шолақ" мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі заты тәркіленді.

Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.

Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр.

Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған.

"Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі", – деді ҰҚК баспасөз қызметі.