«Ақшаны бюджетке қайтаруы керек»: Ақтөбеде мұғалімдер жалған сертификатпен қосымша ақы алып жүрген

Qaz365.kz редакциясы

Төленген үстемеақылардың жалпы сомасы 100,6 миллион теңгені құрады

Ақтөбеде 70 балабақша мен мектеп қызметкері, мұғалімдер жалған сертификаттарға ие болып, жалақыларының үстіне қосымша ақы алып жүрген, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Диапазон ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Жалған сертификаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бірлескен тексерісі кезінде анықталды.

«2021 жылы педагогтердің білімін бағалауға арналған тестілерден өтудің дұрыстығын тексеру нәтижесінде Ұлттық біліктілік тестілеуінен өтпеген, бірақ «педагог–зерттеуші» біліктілік санатына сәйкес деп танылған 7 педагог анықталды. Сонымен қатар, педагогтарға жалған сертификаттар берудің 70 фактісі анықталды», - деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.

Сондай-ақ 53 мұғалім «мектепке дейінгі педагогика және психология» немесе «психология негіздері» тест тапсырмалары бойынша 19 балл алды, яғни 65% шекті мәнді еңсермеді, бірақ тестілеуден өткені туралы анықтама алған.

«Мысалы, 2021 жылдың 23 сәуірінде педагог Ақтөбеде сағат 09:00-ден 13:45-ке дейін тестілеуден өтіп, бар болғаны 26 балл жинап, «өтпеген» нәтижесін алды. Сол күні сағат 15:00-де бұл педагог Шалқарда тест тапсырып, «өтті» деген нәтижемен 44 балл жинады», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте.

Білім басқармаларының тестілеу нәтижелері бар сертификаттарды тексеруге мүмкіндіктері бар, бірақ оларды тексеруге міндетті емес, деп түсіндірді Антикор.

«Әр педагог әр бес жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Педагог «педагог–шебер», «педагог–зерттеуші», «педагог–сарапшы», «педагог–модератор» санаттарын алған кезде жалақыға 30%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төленеді. Сертификаттау бірнеше кезеңнен тұрады: тестілеу және портфолионы тексеру. Портфолионы шекті мәннен өткен адам ғана тапсыра алады. Білім басқармасы тестілеуді өткізбейді, оны жеке білім беру ұйымы жүргізеді. Мұғалімдер бізге тек тест нәтижелерін – сертификаттарды әкеледі. Қазір тексеру жүріп жатыр, бірақ олар ақшаны бюджетке қайтаруы керек. Нәтижелер кейінірек болады», - деп түсіндірді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Антикор хабарлаған алдын ала деректер бойынша негізсіз төленген үстемеақылардың жалпы сомасы 100,6 миллион теңгені құрады.