«Халық тұрғын үй кешендеріне базалық станцияны орнатудан қорқады»: Бағдат Мусин Астанадағы интернеттің сапасы жайлы айтты

Qaz365.kz редакциясы

Ол "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға өзгерістер енгізу қажеттіліне тоқталды

azattyq-ruhy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен Астанада сапалы интернет қашан пайда болатынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз байланыс толығымен жоқ 67 локацияны анықтадық. Ондағы тұрғындармен сөйлескен кезімізде, олардың радиофоб екендері анықталды. Олар тұрғын үй кешендеріне базалық станцияны орнатудан қорқады. Алайда әкімдіктің көмегімен 39 үйдің төбесіне базалық станцияны орнатуға тұрғындарды көндірдік. Олардың 5-уіне орнатылды, 6-уына қазір қойылып жатыр, қалғандарымен келісімшарт жасалуда. Ал қалған 28 үйдің тұрғындарына 3 ай бойы базалық станцияның адам денсаулығына қауіпсіз екенін түсіндіргенімізбен, сол күйі көндіре алмадық», - деді министр.

Мусиннің сөзінше, ендігі ретте бұл мәселе заң аясында реттелуі қажет. Мәселен қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің бір ғана тұрғыны базалық станцияны орнатуға қарсылық танытса, онда оператор оның талабын орындауға міндетті. Осылайша жыл сайын 150-ге жуық базалық станция тұрғын үй төбелерінен алынып тасталуда. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін, егер де тұрғындардың 50 пайызы базалық станцияны орнатуға қарсылық танытса, онда орнатпайтын боламыз. Бұл – бірінші мәселе. Ал екінші мәселе – арзан тариф. Біздің қолданушылар үнемі интернетте отырады. Бұл – үлкен жүктеме. Егер Еуропаны, Американы алып қарасақ, қолданушы видеоны ашпас бұрын, ол оған керек пе, жоқ па, соны ойланады. Өйткені ол мегабайтын жоғалтады», - деді Бағдат Мусин.