Қоршаған ортаны қорғай отырып, бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану қажет - сарапшы пікірі

Qaz365.kz редакциясы

Елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтары 70% тозған

Қазақстанда АЭС салу керек пе, жоқ па деген мәселе қазір өзекті болып тұр. Елімізде атом стансасының тағдыры нақтыланып қойса да бұл жайтты қоғам қызу талқылап жатыр. Оны қолдаушылар жоба электр тапшылығын шешетініне сенімді. «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының бас менеджері Асуан Сиябековті Атом электр станциясының қазіргі жай-күйіне байланысты qaz365.kz-ке берген сұқбатын назарыңызға ұсынамыз.

 

 

Елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың тозуы 70%-дан асты. Әлем елдері мен Еуропалық Одақтың жасыл энергетиканы қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайту көзделген. Сондықтан Қазақстанда атом энергетикасын дамыту және атом станциясын салу барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы болып табылады, дейді маман.

-Асуан мырза, елімізде атом электр станциясын салу қандай қажеттіліктен туындап отыр?

-Қазақстан Республикасының аумағында АЭС-ті пайдалануға беру, көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыру қажет. Осының есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 млн тоннаға қысқартуға ықпалын тигізеді. Атом электр энергиясын генерациялаудың артықшылығы – парниктік газдар шығарындыларының болмауы деп білеміз. Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді. Сосын жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан аумағында АЭС құрылысының жүргізілуін қарастыру, бұл – дұрыс  шешім, деп ойлаймын.

-Жалпы Қазақстанда АЭС салу мәселесінде халықаралық сарапшылар не дейді?

-Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстанда Балқаш көлі маңында АЭС салу мәселесі 1997 жылы қаралған болатын. Осы жобаны саралау кезінде АЭС орналасу аудан параметрлерінің қолайлылы екенін Атом қуаты халықаралық агенттігінің арнайы миссиясы растаған еді. Одан басқа, 2016 жылы қазақстандық тараптың шақыруы бойынша АЭХА-ның еліміздің ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жөніндегі миссиясы да келді. Миссияның жұмысы барысында АЭС құрылысының қауіпсіздік жүйесі және қаржыландырумен, заңнамалық-құқықтық базаны дамытумен, қоршаған ортаны қорғаумен, электр желілерінің дайындығымен, білікті кадрларды даярлаумен байланысты мәселелер талқыланды. Бұл миссияның  қорытындысы бойынша АЭХА арнайы есеп дайындап, АЭХА Бас директорының орынбасары Михаил Чудаковтың қатысуымен ресми түрде 2017 жылы қазақстандық тарапқа ұсынылған. Осы есеп АЭХА-ның ресми сайтында ашық түрде жарияланған және Қазақстанның ядролық энергетикалық инфрақұрылымын күшейту жөніндегі іс-әрекеттер жоспарын әзірлеу кезінде маңызды болып табылады. Қазақстан Республикасының болашақтағы атомдық энергетикалық бағдарламасын дамытуда АЭХА-ның барлық ұсынымдары ескеріледі. Тағы айта кету керек,  2018-2019 жылдары АЭС салудың неғұрлым қолайлы ауданы зерделенді, энергия балансының болжамды есептері жүргізілді. Реактордың басым түрі мен станцияның қуаты айқындалды. Қорытындылардың дұрыстығын тәуелсіз техникалық кеңесші растады. Ол The Japan Atomic Power Company мен Marubeni Utility Services, Ltd. компаниялардан тұратын жапон консорциумы болатын.

-Халық арасында АЭС жарылып, атом бомбасы сияқты зардаптары көп болады деген үрей бар. Бұдан қалай сақтануға болады?

-Жоқ, бұл мүмкін емес. АЭС – электр энергиясын өндіру үшін «бақыланатын ядролық бөлінуді» пайдаланатын генерация көзі. Атом бомбасы жарылыс тудыратын энергияны шығару үшін бақыланбайтын ядролық бөліну реакциясын қолданады. Сондықтан осы айырмашлықыты түсіну керек.АЭС пен бейбіт емес мақсатқа пайдаланылатын бомба бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді. Атом электр станцияларында қолданылатын отын бомба жарылған кезде пайда болатын энергия шығарындыларын жасауға жарамайды. Реактор мен бомбаның айырмашылығы – олардағы, отынның байыту дәрежесінде. Яғни АЭС-те Уран-235 үлесі 5%-дан аз болса, атом бомбасында 90% шамасында. Реакторда уран ядроларының бөліну процесі бақыланады және нормадан сәл ауытқу кезінде сенімді қауіпсіздік жүйелерімен түзетіледі. Мысалы, бұл үшін басқару өзектері қолданылады.

-Атом электр станциясының қоршаған ортаға пайдасы мен зияны қандай?

-АЭС-тің қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы атом энергетикасының негізгі басымдықтары мен қағидаттарының бірі болып табылады. Бұл тақырыпты көптеген халықаралық институттар, соның ішінде АЭХА белсенді зерттейді және оны әзірлеуші компаниялар мен АЭС оператор компаниялары барлық жерде енгізеді. Құрылыс және пайдалану технологиясын сақтай отырып, атом электр станцияларының қоршаған ортаға әсері басқа технологиялық объектілерге қарағанда айтарлықтай аз. Олар химиялық кәсіпорындар, жылу электр станциялары деп аталады. Атом станциясы қоршаған ортаны парниктік газдар, күл, күйе сияқты заттармен ластамайды. Атом электр станцияларының табиғи ортаға зиян тигізбейтіндігінің дәлелі –оларды әртүрлі елдерде пайдаланудың көп жылдық тәжірибесі. Зиянды әсердің болмауы қолданылатын технологияның бастапқы тазалығына байланысты атом станциясының қызмет ету мерзіміне мүлдем тәуелді емес.

-Асуан Оңғарбекұлы, қарапайым қазақстандықтардың атом электр станциясын салу мәселесінде қандай жәйттерді білуі керек және нені түсінуі маңызды?

-Атом станциясының құрылысы-еліміз үшін үлкен жоба. Қазақстанда атом электр станциясын салудың артықшылықтары дегенде төмендегі жағдайларды жете түсінген абзал. Санамалап айтсақ:

Бірінішден, нарықтағы электр энергиясының тапшылығын өсіп келе жатқан қажеттіліктермен және генерациялау жабдықтарының тозуына байланысты толықтыру;

Екіншіден, көмір ЖЭО-ның жоғары парниктік газдарды шығаруына байланысты экологиялық жағдайды жақсарту;

Үшіншіден, елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетінің өсуі. Жаңа технологиялар атом энергетикасы саласында ғылыми қызметкерлер мен жоғары білікті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуді алға тарту;

Төртіншіден, алпыс жылдан астам уақыт бойы ел тұтынушыларын сенімді энергиямен жабдықтау;

Бесіншіден, АЭС орналастыру ауданында инфрақұрылымды дамыту: жолдарды, темір жолдарын, мектептерді, ауруханаларды, тұрғын үйлерді және т. б. салу;

Алтыншыдан, уран-кен орындарының меншікті ресурстық базасының және уран өнімін шығару жөніндегі өндірістік базаның әлеуетін ұтымды және кешенді пайдалану;

Жетіншіден, білім берудің, жобалаудың, жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін технологиялардың, аралас салалардың: машина жасау, металлургия, аспап жасау, өнеркәсіп пен металлургиядағы сапаны бақылаудың ядролық - физикалық әдістерінің мультипликативтік әсері мен жедел дамуы үшін жағдайлар жасау;

-Қазба байлықтарының қоры жылдан жылға сарқылып жатыр. АЭС оның орнын қамтамасыз ете ала ма?

-Қоршаған ортаны қорғай отырып, бейбіт мақсатта атом энергиясын пайдалану қажет. Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен өзгелердің түтінін жұтып, көште қалып қоймау, энергетикалық тапшылық тығырыққа тіреген кезде алып шығатын мүмкіндіктерін қазірден ойлау маңызды. Үкіметтің ұстанымы АЭС-ке басымдық берсе, сарапшылар оны базалық энергия көзі ретінде қарастырып, ЖЭК, көмір мен газдың да мүмкіндігін естен шығармау қажеттігін айтып отыр. Уақыт алға жылжып, технология дамыған сайын Еуропа елдері бас тартуға асығып отырған көмір мен газдың жаңа қырлары ашылар. Сол кезде қазақтың сайын даласына қуат көздерін беретін жобаның бәрі керек болады. Соның ішінде АЭС те өте құнды стратегиялық нысан болатынына көз жетеді.

-Cұқбатыңызға рахмет!