Президент Сарыағашта айуандықпен өлтірілген бес жасар қызға қатысты оқиғаны тексеруді тапсырды

Qaz365.kz редакциясы

Тоқаевтың айтуынша, адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды

Ақорда

Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазуынша, құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталған.

«Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды», – дейді Руслан Желдібай.

Ол мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайтыны айтты. 

Айта кетейік, бүгін Түркістан облысында жоғалған бес жасар қыздың денесі табылған болатын. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша факті тіркелді.

Сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдікті Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды.