Бұрын 10 жылға бас бостандығынан айырылған
Түркістан облысында 5 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен ұсталған тұрғынға қатысты бұрынғы қылмыстық істері мен сот үкімі туралы жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Түркістан соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, Жібек жолы ауылында жас қызды зорлады және өлтірді деп күдіктелген Г. 2006 жылы кісі өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
"2016 жылы ол жазасын өтеуге байланысты босатылды. Аталған соттылық Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің анықтамасына сәйкес 2022 жылы өтелген. 2023 жылдың мамырында денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін сотталған. Ол жәбірленушімен алкогольді бірге ішіп, ауызша жанжалдан кейін оны тұрмыстық балтамен ұрған", - делінген хабарламада.
Сот осы қылмыстық істі қарау барысында кінәні жеңілдететін жағдайларға қарастырған – бұл кінәні толық мойындау және жасаған ісіне өкіну, келтірілген зиянның орнын толтыру және жеңіл жаза тағайындауды сұраған жәбірленушіге кешірім беру екені айтылды.
"Сондай-ақ, үкім шығарылған кезде Г.-ның соттылығы болған жоқ, өйткені ол заң бойынша өтелді. Кінәні ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Осыны ескере отырып, сот ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі бойынша Г.-ны кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Жаза жәбірленушінің пікірін ескере отырып, аталған баптың санкциясы шегінде тағайындалады", - делінген хабарламада.
Үкімге апелляциялық шағым түспеген немесе наразылық білдірілмеген. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталған Г. қылмыстық-атқару жүйесі органдарының пробациялық бақылауына берілгені айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Кейін желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.