Абай облысындағы өрттің көлемі 350 гектарға жетті

Qaz365.kz редакциясы
ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі дағдарыс жағдайларында басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы Эльдор Райымбеков Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан өртқе қатысты соңғы мәліметті ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

«2023 жылғы 15 шілде. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі дағдарыс орталығында өрт бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Абай облысындағы өрттің көлемі орман шаруашылығының ақпаратына сәйкес 350 гектарды құрап отыр. Оның ішінде 150 гектар орман өрті. Өрт орнына министр ұшып барды. Шекаралас өңірлерден мамандар жұмылдырылды. Атап айтқанда, 15 техника және 25 жеке құрам. Өрттің негізгі нүктелері геопортал арқылы бақылануда», - деді Эльдор Райымбеков.

ТЖМ мәліметінше, өртке жақын маңдағы елді мекендер және Ресеймен шекаралас аудандармен ақпарат алмасып отыр.

Оның айтуынша, бастысы – тілсіз жаудың өршуіне жол бермеу.

Бұған дейін Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан өрт шыққаны туралы хабарлаған едік.