Оқиға орнында табиғи өртті сөндірудің тиімді әдістері мен тәсілдерін пысықтады
16 шілдеде таңертең Павлодар облысына кеше шұғыл жеткен Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнында табиғи өртті сөндірудің тиімді әдістері мен тәсілдерін пысықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің жұмыс барысындағы сәтінің видеосы ҚР ТЖМ-ның желідегі парақшасында жарияланды.
"Таңертең қосымша келіп жеткен күштердің көмегімен белгіленген периметр бойынша отты ауыздықтап, жағдайды өз бақылауымызға аламыз. Контур бойынша от ошақтарын сөндіруге кірісеміз. Авиация да дайын тұр. Олар от ұлғайған өрт ошақтарына жұмылдырылатын болады. Тікұшақтар үздіксіз жұмыс істеуі үшін облыс әкімінің тапсырмасымен бөлінген көлік отынды оқиға орнына жеткізіп отырады. Бұл тікұшақтардың үздіксіз жұмысына оң ықпал ететін болады. Жалпы жағдай бақылауда", - дейді министр.
Айта кетсек, өңірде құрғақ шөптің өртенгені туралы 14 шілдеде белгілі болды.
Жағдайды бақылау және бағалау үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрі, облыс әкімі және төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы оқиға орнына ұшып барды.
Өрттің Ресей Федерациясының территориясына өту қаупі бары да хабарланған.