Елімізде соңғы үш күнде жол апатынан 20 адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

40-тан астам адам зардап шекті

egemen.kz

Елімізде соңғы үш күнде  жол апатынан 20 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

14 шілдеде Қызылорда облысы, Шымкент-Самара тас жолында автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында, автобустың бір жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды. Автобус жүргізушісі мен 3 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

15 шілде Атыраудағы вокзал маңында болған жол апатынан екі адам қаза тапты. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің айтуынша, Баймұханов көшесінің бойында Daewoo және Youtong жолаушылар автобусы, сондай-ақ Toyota Camry және Hyundai Elantra көліктері соқтығысқан. Оқиға салдарынан Hyundai Elantra жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

16 шілде күні Қарағанды-Ботақара тас жолында екі көлік соқтығысып, 13 адам ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің ішінде бесеуі кішкентай балалар.

Атырау облысында жол апатынан 7 адам қаза болды. 16 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 15:00 шамасында Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы тасжолының 82-шақырымы тұсында Chevrolet Cobalt және Toyota Ipsum көліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушысы, Toyota Ipsum көлігінің жүргізушісі мен 1 жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал, 2 жолаушы түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық ауруханасына жеткізілді.

17 шілдеде Түркістан облысы, Екпінді-Созақ тас жолы бойында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter көліктері соқтығысып, оқиға салдарынан 9 адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жеткізілген.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша 2022 жылы елімізде 14 834 көлік апаты тіркеліп, 2 425 адам қайтыс болған, 19 135 адам жараланған.