Қырғызстан президенті мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуге міндеттейтін заңға қол қойды

Qaz365.kz редакциясы

Орыс тілі Қырғыз Республикасында ресми тіл ретінде қолданылады

president.kg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерді қырғыз тілін білуге міндеттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заңды Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі 2023 жылы 31 мамырда қабылдаған.

Заң бойынша, барлық мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, ұлттық банк қызметкерлері, күш құрылымдары, сот, прокуратура, адвокаттар, нотариустар, оқу орындарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері қырғыз тілін білуге және қызмет міндетін орындау кезінде пайдалануға міндетті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің ресми сайты хабарлады.

Телерадио ұйымдары үшін мемлекеттік тілде хабар таратудың міндетті (ең төменгі) көлемі 60 пайыздан кем болмауы керек, ал хабар тарату тәртібі «Телевизия және радиохабарларын тарату туралы» Қырғыз Республикасының Заңымен белгіленеді.

Сонымен қатар, қабылданған конституциялық заңның 2-бабына сәйкес, орыс тілі Қырғыз Республикасында ресми тіл ретінде қолданылады.

“Ресми тілді қолдану Қырғыз Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Қырғыз Республикасы өз аумағында тұратын барлық этностар өкілдерінің тілдерін еркін пайдалану қағидасын ұстанады және осы тілдердің дамуына жағдай жасауға кепілдік береді. Қырғыз Республикасының әрбір азаматы өз ана тілін сақтауға, оқуға және дамытуға жағдай жасауға құқылы”, – делінген заңда.