Алматыда өзегі шіріген 84 мыңнан астам ағаш бар

Qaz365.kz редакциясы

Өсіп тұрған қауіпті ағаштарды кесу жұмыстары басталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түгендеу мен жасыл желек тізіліміне сәйкес Алматы аумағында 4 млн астам ағаш өсіп тұр, оның 84 мыңнан астамының құлау қаупі бар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Өзегі шіріген ағаштың 35 мыңы көше бойында, 49 мыңы аулаларда. Өткен жылы қалада құлау қаупі бар ағаштарды кесудің бес жылдық жоспары бекітілген. Соған сәйкес, былтыр магистральдық жолдар бойында, саябақ аймақтарында және аулаішілік аумақтарда 6 мың шіріген ағаш кесіліп, оның орнына 68 мың көшет отырғызылды. Биыл басқарма 16 925 мың қауіпті ағашты кесуді жоспарлап отыр және кесілген ағаштардың орнына 169 250 мың көшет отырғызу көзделген», - деді қалалық экология және қоршаған орта басқармасы жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің басшысы Нұрлан Құттыбаев.

Бүгінгі күні кестеге сәйкес жалпы пайдаланымдағы жерлерде өсіп тұрған қауіпті ағаштарды кесу жұмыстары басталды. Оған 33 бригада тартылды, барлығы 180-нен астам адам жұмыс істейді. Жұмыс басталмас бұрын жақын маңдағы үйлердің тұрғындары құлағдар етілген. Ескерту белгілері орнатылып, қажетті қауіпсіздік шарасы сақталады.

Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ қызметкерлері, Ботаника және фитоинтродукция институты және экобелсенділер қауіпті ағашты мұқият тексереді.

«Ағаштың сау немесе шіріген екенін көзбен көріп анықтау әркез мүмкін емес. Сондықтан, ағаштың өзегінде немесе тамырында шіріктің болуын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы-бұрғы бар. Қалалардағы жасыл кеңістіктің жасы табиғатқа қарағанда төмен. Өйткені, қалада ағаштар ауыр металдарды сіңіреді және әртүрлі механикалық зақымға ұшырайды. Қатты жел соққан кезде ауру ағаштар құлап, ғимараттарға, құрылыстарға зиян келтіріп, сонымен қатар адам шығынына әкелуі мүмкін», - дейді Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.