Зиратты кеңейту керек
Елордадағы Ұлттық пантеонда тек 4 бос орын қалған. Зиратты кеңейту керек екен. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының қорымдарды күтіп ұстауға арналған отырысында айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәслихат отырысында Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы Ұлттық панетонның жағдайына тоқталды.
«Ұлттық пантеон Астанадан 17 шақырым жерде, Қабанбай батыр кесенесінің айналысында орналасқан. Пантеонның жалпы ауданы – 4 гектар. 25 жерлеу орны бар. Оның ішінде қазір 21 орында жерлеу жұмысы жүргізілген, яғни 25 орынның төртеуі ғана бос қалып тұр. Ұлттық пантеон мемлекет, мәдениет, ғылым қайраткерлерін және Қазақстанның дамуына үлес қосқан азаматтарды еске алу үшін құрылған мемориалдық маңызы бар обьект болып есептеледі», – Дәрменияр Қыдырбекұлы.
Оның айтуынша, биыл пантеонды күтіп-баптауға 40 миллион теңге, аумақты абаттандыруға 70 миллион теңге бөлінген.
Айта кетсек, 24 наурызда «Ашық НҚА» порталында Ұлттық пантеонға жерленетін Қазақстанның көрнекті тұлғаларының тізімін қайта қарау туралы премьер-министр қаулысының жобасы пайда болған еді. Одан бұған дейінгі «ҚР президенттерінің отбасыларының мүшелері» деген тармақ алынып тасталған.
Ашық дереккөздерге жүгінсек, Ұлттық пантеонға III және IV шақырылымдағы Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов, жазушы Әбіш Кекілбай, ақын Фариза Оңғарсынова, Сара Назарбаеваның ағасы Саяхат Қонақай, ҚР бұрынғы бас прокуроры Мақсұт Нәрікбаев, Ақмола облысының экс-әкімі Сергей Дъяченко, Есеп комитетінің төрағасы болған Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың әйелі Гүлбану Алтынбаева және тағы басқалар бар.