Ол жуырда өткен Президент сайлауы – бұл халықтың бізге артқан зор сенімі және қолдауы екенін атап өтті
Бүгін еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталамыз. Алда тұрған басты міндеттерді айқындаймыз. Қордаланған мәселелер аз емес. 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады, – деп мәлімдеді Президент.