487 млн теңгеден астам залал келтірген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктенуде.
Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.
Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.
Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті.
Шығын 180 млн теңгені құрады.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексерілуде.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды.