Алмас Мұқашевтің ісі бойынша сот сәуір айында басталған
Бүгін Талдықорған қалалық соты Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда азапталып өлтірілген Алмас Мұқашев ісі бойынша үкім шығарып, ҰҚК-нің екі қызметкерін соттады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Берден Қадырдың Азаттыққа айтуына қарағанда, ҰҚК қызметкері Әнет Байтұрсыновты "Алмас Мұқашевті азаптап өлтірді" деген айыппен 10 жылға бостандығынан айырған. "Естіген ақпаратын тиісті органға хабарламаған" деген айыппен ҰҚК-нің тағы бір қызметкері Андрей Сорокиннің бостандығын 4 жылға шектеп, пробациялық бақылау белгілеген.
- Айыптаушы прокурор Әнет Байтұрсыновты 11 жылға, Андрей Сорокинді 3 жылға бостандығынан айыруды сұраған болатын,- деді Берден Қадыр.
2022 жылы Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы саябырлаған соң, 8 қаңтарда полиция Алмас Мұқашевті көшеде әйелімен кетіп бара жатқанда күшпен әкеткен. 9 қаңтарда туыстары Талдықорғандағы құқық қорғау органдарын іздеп таба алмаған.
13 қаңтарда полиция Алмасты іздеп, үйіне келген. Бес күннен соң Алмастың сүйегін туыстары мәйітханадан белгісіз адамдардың арасынан тапқан. Олардың сөзінше, Алмас Мұқашевты ұстап әкеткенде қалтасында құжаттары болған.
Туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін хат жазып, арызданған соң "азаптап өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Адвокат Берден Қадырдың айтуына қарағанда, тергеу 2022 жылдың аяғына дейін созылған. ҰҚК қызметкері Әнет Байтұрсынов тергеу изоляторына қамалып, Андрей Сорокин үйқамаққа алынған.
Адвокаттың сөзінше, "Алмасты көшеден ұстаған маска таққан қарулы қызметкерлер Талдықорған қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына апарған. Сол жерде ҰҚК қызметкерлері тергеп, бірер сағатта-ақ ұрып өлтірген. Қамаудағы ҰҚК қызметкері Алмасты өлтіріп қойғанын әріптесіне, яғни үйқамақта отырған ҰҚК қызметкеріне айтқан. Ал ол қылмысты ести тұра хабарламаған".
Берден Қадырдың айтуынша, тергеу кезінде естен танып қалған Алмас Мұқашевқа жедел жәрдем екі рет шақырылған. Бастапқыда тергеуші Әнет Байтұрсынов жедел жәрдемнің Алмасты әкетуіне рұқсат етпеген. Кейін тағы шақырып, ҰҚК тергеушісі де ауруханаға ілесе барған. "Бұл – террорист" деп, әл үстінде жатқан Алмастың қолындағы кісенді де шешкізбеген.
Алмас Мұқашевтің ісі бойынша сот сәуір айында басталған.