Алматы облысында нөсер жауын облыстық маңызы бар жолды шайып кетті

Qaz365.kz редакциясы

Қолданыстағы жасанды құрылыстар (құбырлар) су ағынына төтеп бере алмаған

Видеодан кадр

Алматы облысында жауын-шашынның салдарынан облыстық маңызы бар «Ұзынағаш – Бесмойнақ» автожолында сел жүрді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы облысы ТЖД-ның мәліметінше, 21 шілде, сағат 16:52-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Жамбыл ауданы, Дегерес ауылдық округінің Қараарша ауылының елді мекенінде нөсер жауын-шашынның салдарынан еңіс ағыны болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД мен Жамбыл ауданының жергілікті атқарушы органдарынан 30 адам және 2 бірлік техника дереу оқиға орнына жіберіледі.

«Жауын-шашынның салдарынан және таулы өзендердің беткейлерінде 36 шақырым (Шиен ауылы) және 54 шақырым (Қараарша ауылы) «Ұзынағаш-Бесмойнақ» облыстық маңызы бар автокөлік жолында ағынының қалыптасуы нәтижесінде тасқын судың автожолды шайып кеткені анықталды», - делінген хабарламада.

 Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қолданыстағы жасанды құрылыстар (құбырлар) су ағынына төтеп бере алмаған. Нөсерлі кәріз жүйесі және жасанды құрылыстар (құбырлар) жоқ, сол себепті су ағынын ағызу жол төсемі арқылы жүреді. 

«Жол бойында әртүрлі фракцияның лайлары мен тастарынан шөгінділер пайда болды. Нәтижесінде автожолдың осы учаскелерінде көлік қозғалысы жабылды. Сондай-ақ орташа қысымды газ құбырының учаскесі (шамамен 70-80 метр) бүлініп, Шиен ауылының орталық көшесіндегі 40-қа жуық үйдің ауласындағы құрылыстарды су басты», - деп хабарлады басқарма.

Шиен ауылының халық саны – 2 704, Қараарша ауылының халық саны – 237 адам. Қазір Ұзынағаш ауылында орналасқан ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің жеке құрамнан 30 адам, ТЖБ және №4 ӨСБ 20 қызметкері және техника, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарынан 20 қызметкер және көмекші техника оқиға орнына барды.
Оқиға орнында аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.