FlyArystan түбіртек талап еткен 9 жолаушыны Түркияда ұшаққа кіргізбей қойған

Qaz365.kz редакциясы

Оның біреуі - бала

vlast.kz

FlyArystan әуе компаниясы Стамбұл-Түркістан бағытында бет алған тоғыз жолаушыны еш себепсіз Түркияда ұшаққа кіргізбей қойған. Бұл туралы журналист әрі сол рейсте болған жолаушы Айгерім Таубай өзінің Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұшақ Қазақстанға 25 шілдеде, Түркия уақытымен 14:05-те ұшқан. Рейсте болған кейбір жолаушының жүгі белгіленген шамадан, яғни 5 келіден асып кеткендіктен әуе компаниясының қызметкері қосымша салмаққа қолма-қол ақы төлеуді сұрапты. Ал, ақша берген адамдарға түбіртек бермеген.

«Қолма қол ақша төлеп, түбіртек талап еткендерді ұшағына кіргізбей, ұшаққа тиелген жүгін шығарып тастады. Видео жариялап отырмын. Сол сәтте бірден FlyArystan-ның баспасөз қызметіне хабарласып, жағдайды айттым. Баспасөз хатшысы Ләззат Набиева FlyArystan Түркиядағы өкілінің сөзін былай келтірді: “ол жолаушылар қолжүгіндегі артық салмақ үшін ақы төлеуден бас тартты. Сол себепті ұшаққа жіберілмеді” депті. Алайда видеода әуекомпания өкілінің ақша алғанын, чек сұраған кезде сөмкесінен 100 долларды шығарып кері бергенін, бұрылмай кетіп қалғанын анық көруге болады. Демек, компанияның айтып тұрған жауабы негізсіз, шындыққа жанаспайды», – дейді Айгерім Таубай.

Бұдан кейін далада қалған жолаушылар ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне шағымданып, әуе компанияның осы жағдайдағы әрекетін егжей-тегжей тексеруді, шетелдегі қызметкерінің әрекетінің дұрыс-бұрыстығын заңды құжат бойынша көрсетуді талап еткен. Комитет әзірге жауап берген жоқ.

«FlyArystan әуе компаниясы бұл жағдайдан кейін Түркияда қолма қол төлем алған қызметкерінің іс-әрекетінің занды-заңсыз екенін тексеруі керек. Біраз адам түрік тілін түсінбей, төлем жасаған да болар. Себебі қызмет көрсеткен ер адам қазақ тілін білмейді, бірақ қазақстандық лоукостердің қызметкері болып отыр. Ағылшын тілінде де түсіндірмеді», - деп жазды журналист.

 FlyArystan әзірге аталған жайтқа қатысты пікір білдірген жоқ.