Жыл басынан бері 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Qaz365.kz редакциясы

Салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелген

Ақорда

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Жанат Элиманов өзара бағалаудың ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) стандарттарына сай сәтті өткені жөнінде мәлімдеді.

Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Үкімет Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіткенін айтты.

Агенттік қызметінің нәтижесінде жыл басынан бері 94 миллиард теңге шығын өтеліп, активтер қайтарылды, 5 қылмыстық топ жойылды (тағы 3 іс жүргізіліп жатыр). Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылып, елімізге құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекі әкелуге жол берілмеген.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-әрекеттер нәтижесінде 11 жасырын казино және 2 букмекерлік кеңсе таратылған, азаматтарды алаяқтық іске тартуға жол бермеу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелген. Қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталған. 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға төмендетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қорғауға, сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.