Өрт оқшауланды
Атырауда жылу-электр орталығының аумағындағы иесіз нысанның шатыры өртенді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік желіде тараған өрт туралы деректі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.
«Бүгін, 7 тамызда жергілікті уақытпен сағат 14:00-де Атырау қаласында орналасқан Оңтүстік өндірістік аймақ мекенжайындағы ауладан түтін шыққаны жөнінде хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел аттанды. Өртті сөндіруге 6 қызметкер мен 1 техника тартылды. Өрт сағат 15:03-те оқшауланды», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Белгілі болғандай, 31 шілде мен 6 тамыз аралығында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне 58 рет шақырту түскен. Соған байланысты құтқарушылар төтенше жағдайды жоюға және адамдарды құтқаруға шыққан.
«Құтқарушылар бір аптада 6 рет жалынды сөндіруге, 34 рет өрт санатына жатпайтын жануға, 4 мәрте авариялық құтқару, 8 рет іздестіру жұмыстарына барды. Тоғыз адам, оның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Алдыңғы аптадағы дерекпен салыстырғанда, шақыртуға бару көрсеткіші 87 пайызға өскені байқалып отыр», – деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.