Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда
Алматыда жауын-шашын салдарынан Алмалы және Наурызбай аудандарының аумағын су басты, деп хабарлайды Qaz365.kz қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, аталған екі ауданда су басу дерегі шұғыл түрде жойылды. Қазір жағдай толық бақылауда.
«Алмалы ауданына тиісті учаскеде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары мен жиектастарда жаңбыр суын арық желісіне жіберетін саңылаулардың уақытша болмауына байланысты қысқамерзімді су басу дерегі анықталды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жиектастарда саңылаулар жасалады. Наурызбай ауданының әкімдігі «Алма сити» тұрғын үй кешенінде су басу дерегін жою бойынша жедел жұмыс жүргізді. Сағат 18.50 - де «RBS Дорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы мен қызмет көрсететін компанияның күшімен су басу дерегі жойылды. Қазір көше желілеріне қосу арқылы ТК аумағынан су бұру мәселесі пысықталып жатыр», - делінген хабарламада.
Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, тау өзендері бойынша жағдай тұрақты. Су басу дерегі анықталған учаскелерде аудан әкімдіктерінің коммуналдық қызметтері жұмыс жүргізіп жатыр.