Бүгінгі күнде 73 мәселе оң шешімін тапты
«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалында Саяси кеңес Бюросы мен партияның депутаттық фракциясының бірлескен отырысы аясында Алматы қ. мәслихатындағы партияның депутаттық фракция басшысының орынбасары Әсия Ақанова брифинг өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Брифинг барысында фракция басшысының орынбасары, Алматы қаласы мәслихатының депутаты «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшелерінің Алматы қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру және сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныстарын орындау шеңберінде атқарған жұмыстары туралы айтып берді.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлау науқаны барысында Алматы қаласының тұрғындарынан мыңнан астам түйткілді мәселелер мен сайлаушылардың талап-тілектері келіп түсті. Талап-тілектер мәслихаттағы фракция мүшелеріне бөліп берілді. Аталған талап-тілектердің 425-сі өзектендіріліп, жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінгі күнде 73 мәселе оң шешімін тапты, 105-і бойынша түсініктеме беріліп, 247 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда», - деп А.Ақанова айтты.
Сайлау науқаны кезінде Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі, партия төрағасы Ерлан Қошановтың Алматы қаласына жұмыс сапары шеңберінде сайлаушылармен кездесу барысында 9 ұсыныс, талап-тілектер түсті. Қазіргі уақытта оның 8-і оң шешімін тапты. Біреуі орындалу сатысында.
Мәселен, қала тұрғындары дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін жобалау кезінде бассейндер болуын сұраған. Бұл сұрақ сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген. Алдағы 2 жылда 6 спорт кешенін қолданысқа беру жоспарланған. Аталған нысандарда бассейндер салу көзделген.
Сонымен қатар, ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасын әзірлеу барысында ескеру қажет бірқатар ұсыныстар айтылды. Аталған мәселелер бойынша қалалық филиал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсыныс хат ретінде жолдады. Министрлік тарапынан Заң жобасын әзірлеу барысында тиісті ұсыныстар ескерілетінін хабарлады.
«Сонымен қатар, партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы бойынша әр жылға нақты орындау көрсеткіштерін көрсете отырып, Жол картасы бекітілген. Жол картасындағы барлық іс-шаралар 181 тармақтан тұрады. Онда сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныстары ескерілді», - деп А.Ақанова толықтырды.
Жол картасы аясында да бірқатар көрсеткіштер орындалды. Мысалы, Алмалы ауданында Әлеуметтік оңалту үшін ерте араласу орталығы ашылды. Қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмыссыз қалған адамдарды уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде жылдық жоспар 6500 болған. 1 шілдедегі жағдай бойынша 11 мың адамды қамтыды. Яғни жоспар 169%-ке орындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта бизнес үшін кредиттер бөлуде жылдық жоспар 40 млрд. тг. болатын. Бүгінгі күнде аталған көрсеткіш 118%-ке орындалып, 47,5 млрд теңгені құрады.
«Тұрғындардың талап-тілектері бойынша да бірқатар оң шешілген мәселелер бар. Мысалы, Саялы ықшам ауданында қоғамдық көліктердің саны аздығы, онда тек №87 автобус жұмыс істейтіндігі айтылды. Олардың санын көбейту туралы тілек болды. Бүгінгі күнде мәселе оң шешімін тауып, Саялыға автобустардың 5 бағыты жұмылдырылды, олардың жылжымалы құрамы 84 автобустан тұрады», - деп қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы басшысының орынбасары атап өтті.
Сондай-ақ, Достық ықшам ауданындағы көшелерде электр жарығының жоқтығы туралы сұрақ болды. Бұл мәселе бойынша партия жедел бақылауына алып, «Алматы Қала Жарық» мекемесімен аталған көшелер жарықтандырылды.
Тағы бір мысал, тұрғындар Масанчи көшесі, 56 үйінің аулаішілік аумағын ішінара жөндеу бойынша «Бюджетке қатысу» жобасына қатысуға өтінім мен құжаттаманы өз бетінше рәсімдей алмағандықтан, көмектесуін өтінген болатын. Мәселені қарау үшін көшпелі жиналыс өткізіліп, қажетті өлшеулер жүргізілді, сондай-ақ аталған жобаға қатысу үшін орындалуы қажет іс-қимыл алгоритмі бойынша консультация берілді. Қазіргі уақытта жоба оң шешімін тауып, нәтижесінде ауланы жөндеу жұмыстары басталуда.