Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов 10 жылға сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Оған сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды

видеодан кадр

Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилер Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовке, оның экс-орынбасары Дамир Сиразидимов пен кәсіпкер Евгений Евковичке қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

"Мәсімов Нұрлан Мырзаханұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі көлемде пара алу), 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), 392-бабының 1-бөлігі (мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту) бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды ", – делінген судья Нұрлан Қайырбеков оқыған үкімде.

Әрбір айыптау бабы бойынша оған бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Үкімдерді ішінара қосу арқылы жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтеумен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", – делінген сот актісінде.

Сондай-ақ Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылындағы ағаш үй мен монша түріндегі мүлкін және Нұрлан Мәсімов отбасымен тұрған Алматы қаласындағы үйді жөндеуге жұмсалған 16 миллион теңгені тәркілеу жөнінде шешім қабылданды.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының негізінде сотталушы Мәсімовті полиция генерал-майоры арнаулы атағынан және Мемлекеттік награда – II дәрежелі "Айбын" орденінен айыру туралы ұсыныс әзірленсін", – деп жалғады сөзін Нұрлан Қайырбеков.

Қамауда болған уақыт Мәсімовтің жаза мерзіміне есептеледі.

Басқа айыпталушыларды да алқабилер кінәлі деп тапты. Дамир Сиразидимов 8 жылға бас бостандығынан және "полиция полковнигі" арнайы атағынан айырылды. Ол пара алу және сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру бойынша делдалдық жасағаны үшін сотталды. Ал "қаржы жымқырды" деп айыпталған кәсіпкер Евгений Евковичке (ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы) автокөлік түріндегі мүлкін тәркілеумен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар, сот полиция бөлімінің 421 миллион теңге материалдық шығынды өндіру туралы талап арызын қанағаттандырды.

Айыптаушы тараптың айтуынша, 2020 жылдың сәуір айында полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов өзінің қаржы жөніндегі орынбасары Дамир Сиразидимовке сенімді адам табуды тапсырған. Атап айтсақ, Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылындағы ағаштан екі қабатты коттедж бен моншаны тегін салып беретін және Алматыдағы үйінің жертөлесін сауна мен демалыс бөлмесі етіп қайта жарақтандырумен жөндеп беретін кәсіпкер табуы керек болған. Бұл еңбегі үшін Мәсімов оған Павлодар облысының полиция департаментінің мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алуға көмектесуге уәде берген. 2020 жылы дулыға, сауыт, қалқан және резеңке таяқтар сатып алуға 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл соманы игерген Евковичтің компаниясы тендерде жеңімпаз атанды. Алайда, тергеу деректері бойынша, сатып алуға әлдеқайда аз ақша жұмсалған, салдарынан мемлекетке 423 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген.

Нұрлан Мәсімов шекарадан заңсыз өткен кінәсін ғана мойындайтынын мәлімдеді. Мәсімов пен оның қорғаушылары істі "фамилияға байланысты қолдан жасалған" деп атады.