Оңтүстік Кореяда әуежайдан қашқан екі қазақстандыққа сот үкімі шықты

Qaz365.kz редакциясы

Олар үш ай қамауда отырған еді

Әлеуметтік желілерден

Наурыз айында Корея Республикасына кіруге рұқсаты болмаған екі қазақстандық Инчхон халықаралық ауежайынан қашып кеткен болатын. Содан бері үш ай қамауда отырған еді. Отандық заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде екі азаматқа қатысты сот шешімі шыққанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заңгердің айтуынша, сот қазақстандықтарға 3 миллион вон айыппұл салған. Бұл 1 миллион теңгеден сәл асады. 

«Қазақстанның тағы бір халықаралық беделді жеңісі. Енді Кореядағы екі жігіт 3 жылға түрмеге тоғытылмай, айыппұл төлеп, елге қайтатын болды. Барлық мақтау, мадақтау Аллаға тән. Мен тек себепшімін», - деп жазды адвокат.

Айта кетсек, 25 наурызда бұған Оңтүстік Кореядағы Инчхон әуежайынан 18 және 21 жастағы екі Қазақстан азаматының қашып кеткені туралы ақпарат тараған. Кейін олардың бірі ұсталып, екіншісін ұстауға көмектесетін адам табылса, оған 30 миллион оңтүстіккореялық вон (бұл 10,4 миллион теңге) көлемінде ақшалай сыйақы тағайындалатыны хабарланды.

Көп ұзамай Инчхон әуежайынан қашып кеткен екінші қазақстандықтың полицияға өз еркімен барғаны белгілі болды. 
Ұсталған азаматтың бірі – Түркістан қаласының 2005 жылғы тумасы Нұрсұлтан Ырысбаев болатын.